Суббота, 21.02.2026, 22:54
Приветствую Вас, Гость
Главная » Файлы » Өлеңдер » Абай Құнанбай

Қыс
02.08.2013, 16:05
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр-мылқау танымас тірі жанды,

Үсті-басы - ақ қырау, тусі суық,

Басқан жері сықырлап, келіп қалды.

Дем алысы - үскірік, аяз бен қар,

Кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды.

Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,

Аязбенен қызарып ажарланды.

Бұлыттай қасы жауып екі көзін,

Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.

Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,

Алты қанат ақ орда үй шайқалды.

Әуес көріп жүгірген жас балалар,

Беті-қолы домбығып, үсік шалды,

Шидем мен тон қабаттап киген малшы

Бет қарауға шыдамай сырт айналды.

Қар тепкенге қажымас қайран жылқы

Титығы құруына тез тақалды.

Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр

Малшыларым, қор қылма итке малды.

Соныға малды жайып, күзетіңдер,

Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды!

Ит жегенше Қондыбай, Қанай * жесін,

Құр жібер мына антұрған кәрі шалды.
Категория: Абай Құнанбай | Добавил: Zhantik
Просмотров: 1007 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Ваше Имя:
Ваш E-Mail:
Код *: